Астана автопарктері лизингке алынған «Ивеко» маркалы автобустарына ай сайын орта есеппен 800 мың теңгеден төлеуде. Бұл көліктер «Астана-LRT» компаниясынан алынған. Біздің арнамызға автобус парктерінің басшылары осыны хабарлады. Айтуларынша, жаңа автобустардың кейбірі жұмыссыз қаңтарылып тұр. Ал жолаушы аз жүретін бағыттарға шыққандары жанармай шығынын әрең өтейтін көрінеді.
Еске салайық, француздық компаниямен 358 дана «Ивеко» маркалы автобус сатып алу туралы келісім жасалған. Олардың әрқайсысының құны 270 мың доллар. Астана автопарктерінде табыстың төмендігінен бөлек, кадр тапшылығы да үлкен проблема.
Сұңғат Бұсұрманов, Астана қаласы №2 автопаркінің директоры:
Жұмыс істеу қиындап кетті. Жыл өткен сайын қиындауда. Валюта бағамының өзгергенін білесіздер. Несиені өтеудің жаңа кестесін күтіп отырмыз. Мерзімді тағы 2-3 жылға ұзартулары мүмкін. Қарыз шарттарын қайта қарамаса, тіпті қиын болатын түрі бар.
Бауыржан Тілеубергенов, Астана қаласы №3 автопаркінің директоры:
Автобус жүргізушілері жетіспейді. Қала бойынша 150 жүргізушіні жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Жанармай бағасы мен бөлшектер қымбаттады. Бар жүргізушілерімді ұстап қалу үшін, сұраған жалақысын қоюдан өзге амалым жоқ. Әйтпесе олар жұмыс істемейді.
Автопарк басшыларының айтуынша, жүргізушілердің орташа табысы 300 мың. Кондукторлардікі жүз мың теңгеден асады. Алайда жұмысшылар табыстың бір бөлігін қалталарына басатындықтан, іс жүзіндегі табысты есептеу қиынға соғатын көрінеді. Проблеманы түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін электронды билет жүйесі әзір іске қосылған жоқ.
Бауыржан Тілеубергенов, Астана қаласы №3 автопаркінің директоры:
Ақшаның барлығы кондуктордың қалтасында. Оның табыстың бір тиынын қалдырмай тапсыратынына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан электронды билеттеу жүйесін күтіп отырмыз.
Ал билет таратушылардың бірінің ісі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бейнекадрде оның жолаушымен жаға жыртысып қалғаны байқалады. Екеуі де әйел адам. Жолаушы аялдамадан өтіп кеткендіктен, жолақы төлеуден бас тартқан сыңайлы. Жанжалдың салдарынан тіпті кондуктор тісінен айрылған. Қазір автобус салонында шу шығарған қызметкерді жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ