Көне тайпалар пайдаланған жәдігерлер қарағандылықтардың назарына ұсынылды. Тарихи-өлкетану мұражайына Орталық Қазақстан аумағынан табылған бұйымдар қойылыпты.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған шара құнды жәдігерлерді топтастырды. Шет ауданынан табылған ғұн-сарматтардың темір алдаспаны мыңдаған жылдар бойы жер қойнауында жатса да, еш жері бүлінбеген. Бағалы заттардың арасында алтын сырғаның орны бөлек. Қарқаралы маңынан табылған әшекей б.э.д. 3-4 ғасырда пайдаланылған болуы мүмкін. Алтын сол қалпында сақталған.
Көрмені тамашалауға келген студенттер мен тарихшылар осы жәдігерлер арқылы Қазақ хандығының даму барысын зерттеуге мүмкіндік алды.
Дәурен Жүсіпов, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері:
Зираттардан табылған жәдігерлер де бар. Орта ғасырға тиесілі. Олар бұрын да зерттелген. Топтамадағы барлық бұйымдарды бірегей деуге болады. Зерттеу жұмыстарын мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы кеңірек жүргізуге мүмкіндік алдық.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ