Атырауда пара алып жатқан кезде ұсталған облыстың бас инспекторы абақтыға қамалмайды. Бірақ парасынан 30 есе артық айыппұл төлейтін болды. Бүгін Атырау қалалық №2 соты облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бұрынғы басшысына қатысты осындай үкім кесті.
Боранбай Ғалиев, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы:
Салауат Ищай ҚР Қылмыстық кодексінің 336 бабының екі бөлігімен, яғни пара алғаны үшін, кінәлі деп танылды. Оған Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдана отырып, 30 есе мөлшерде, яғни 8 млн 820 мың теңге, айыппұл жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, Салауат Ищайдың дүние-мүлкі тәркіленіп, өмірбақи мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салайық, Салауат Ищай мен оның орынбасары Әліпқали Дәулетияров осыдан бір ай бұрын ұсталған еді. Олар өз құқығын асыра пайдаланып, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқудан өткен қазақстандық және шетелдік азаматтарға куәліктер мен сертификаттарды тез беру үшін олардан 300 бен 400 мың теңге аралығында пара алған. Бұл жымысқы әрекет екі жылға жалғасып келген.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ