Бүгін Сочиде төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі спорт додасы басталады. XXII Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы «Фишт» стадионында өтпек. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Сондай-ақ, Елбасы қазақстандық спортшылармен кездеседі деп күтілуде.
Сочи-2014 Қысқы Олимпиадасының ашылу салтанатында елдің туын шаңғышы Ердос Ахмадиев алып жүреді. Жалпы, Олимпиадада спорттың 15 түрінен 98 медаль сарапқа салынбақ. Оған әлемнің 80 мемлекетінен 5000-нан астам спортшы қатысады. Қазақстан намысын спорттың 11 түрі бойынша 52 спортшы қорғауға аттанған. Олардың арасында шаңғы биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, тау шаңғысы мен шана спорты да бар. Спортшыларымыз әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықтылармен жүлдеге таласып көреді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА