Оралда сұйылтылған газ тапшылығы мәселесі шешімін тауып келеді. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуов хабарлады. Айтуынша, көрші облыстардан газ жеткізіле бастаған. Қалада отынның бұл түрі таусылып, газ құю бекеттері бірнеше күн қаңырап бос тұрған еді. Жүргізушілер көлігіне қымбат болса да, бензин құюға көшкен. Салдарынан кейбір бағыттағы қоғамдық көліктер азайды.
Газ жоқ, бензин 80-де жоқ. Талон бүкіл жерде. Осылай жүреміз енді. Қазір барып тағы бензин құямыз 20-30 литр. Ол біздің мына жүріске жетпейді кешке дейін. Біздің осы жарты кругтың өзі 30 шақырым. Күнге 60-70 литр бензин кетеді. Жағдай қиын болып тұр, жұмыс істей алмаймыз.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері жағдайдың бақылауда екенін айтады. Газдан тарыққан оралдықтарға енді көрші облыстар көмектесетін сыңайлы. Қазір арада келіссөздер жүріп жатыр. Газдың аяқасты азайып кетуіне Орынбор-Новопсков бағытындағы газ құбырының жөнделуі себеп болды.
Бауыржан Талдықбаев, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы:
Жағдайды реттеу үшін Энергетика министрі Ақтөбе мен Атырау облыстарынан 800 тонна көлемінде сұйылтылған газ жеткізу туралы бұйрыққа қол қойды. Қажетті отынның 550 тоннасы «СNPС-Ақтөбемұнайгаздан», 250 тоннасы Атыраудан жеткізіледі. Тұрғындардың жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз.
Еркін КАРИН