Алматыда тарихи маңызы бар ғимараттарды сүру жалғасуда. Кезінде мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған әйгілі мақта-мата комбинаты бүгінде жермен-жексен болып жатыр. Ал өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген алғашқы мәдениет ошақтарының бірі - «Алатау» кинотеатры да - қиратылып, орнына дәмхана бой көтермек. Қоғамдық ұйымдар бұл бастамаларға қарсы қол жинауға кіріскен. Олар кәсіпорынды нарыққа бейімдеуді талап етеді.
Ширек ғасыр дүркіреп тұрған Алматы мақта-мата комбинаты соңғы 15 жылда тоқырау кезеңін бастан кешірді. Жекешелендіру уақытында ат шаптырым аумақ тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Әйгілі АХБК-ның орны енді ғана қайта абаттандырыла бастаған. Бірақ мұнда өндіріс ошағы емес, сауда-ойын-сауық кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
1965 жылы пайдалануға берілген Алматы мақта-мата комбинаты ондаған мың адамға жаңа жұмыс орнын ашты. Тіпті қалаға келіп, оқуға түсе алмаған жастар осы кәсіпорыннан уақытша жұмыс табатын. Комбинат жылына 70 млн метр мата шығарса, оның 80 пайызы экспортқа шығарылды. Қазір қуатты жеңіл өнеркәсіп ошағының «жұрнағы» да қалмаған.
Абай Ерекенов, белсенді топ мүшесі:
Дайын тұрған өндірісті құрдымға жіберудің қажеті қанша?! Инфрақұрылымы қалыптасқан кәсіпорынға жаңа технология енгізіп, қайта іске қосу керек еді. Жаңа индустриялдық бағдарламаға сай бейімдеуге үкіметтің мүмкіндігі бар еді ғой. Оны түгелдей бұзып, орнына пайдасы жоқ ойын-сауық кешенін салу қыруар қаражатты талап етеді.
Аумағы 34 гектар жерге коммерциялық құрылымдар салу туралы 2011 жылы қала әкімінің қаулысы шыққан. Жер телімін игеруге көшкен кәсіпкерлер комбинаттың орнына әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер салу үшін жобалар ұсынды. Бірақ балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы енгізілмеген.
Жанат Айтілеу, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Ол жерге негізінен сауда, әкімшілік ғимараттар түседі. Ал әлеуметтік нысандардан медициналық орталықтар мен мынау банктердің филалдары болады деген жоспарлар бар.
Алматыда қоғам белсенділерінің қарсылығына ұшыраған тағы бір құрылыс нысаны - «Алатау» кинотеатры. Тарихи ғимарат өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Жекеге өтіп кеткен бұл нысан да қиратылуда. Оның орнына мейрамханалар желісі бой көтермекші екен.
Абай Ерекенов, белсенді топ мүшесі:
Әлеуметтік нысандардың орнына жылдам пайда түсіретін дәмхана салудың қажеті шамалы. Дайын тұрған ғимараттың тарихи келбетін сақтап, жастар үшін мәдениет орындарын қайта жандандыруға бағыттау керек еді.
Қалалық құрылыс басқармасы қыркүйекте шаһардағы ескі ғимараттарды жойып, орнына жаңа нысандар салу туралы 5 жобаны бекіткен. Оның ішінде мейрамханалар желісінің құрылысы да бар. Сондай-ақ «Алтай-2» шағын ауданы, Розыбакиев көшесі және Бостандық ауданында көне үйлерді бұзып, орнына жаңа тұрғын жайлар салу жобалары жүзеге асады. Ал дауға айналған «Желтоқсан көшесі, 115 үйге» қатысты қайтадан қоғамдық тыңдалым өтпек.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ