Шығыс қазақстандықтар азық-түлік бағасына қатысты ғаламтор желісі арқылы да арыз қалдыра алады. Жергілікті билік халыққа осындай мүмкіндік жасап отыр. Баға тұрақтылығын сақтау үшін құрылған комиссия қаржы айырбастарының заңды түрде жүруі мен азық-түлік бағасының өспеуін қадағалайды. Тұрақтандыру қорындағы тауарлардың дұрыс бөлінуін қамтамасыз етпек.
Тұрғындар сауда орындарында бағаның көтерілгенін байқаса, жергілікті биліктің ресми сайттарына кіріп, арыз-шағым түсіре алады. Ет, сүт, жеміс-жидек, көкөніс сынды елімізде өндірілетін тауар мен жанар-жағармай қымбаттамауға тиіс деп жергілікті билік өкілдері қадап айтты. Шығыс Қазақстанның тұрақтандыру қорында сегіз жарым мың тоннадан астам азық-түлік сақтаулы.
Нұрлыбек Шерубаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Тұрақтандыру қорында қанша көкөніс бар? Және қанша уақытқа жетеді? Мен жаңа айтып кеттім. 6 мың тонна көкөніс бар. Бізге бір кварталға жетеді.
Қанат ОРАЛБЕК