"Қазақстандық банктердің жағдайы тұрақты, олар шетелдік валютамен де, теңгемен де жеткілікті қаржыға ие". Бас банкир Қайрат Келімбетов бүгін Алматыда шұғыл баспасөз жиынын өткізіп, халықты осылай сабырға шақырды. Сондай-ақ күні кеше еліміздегі бірнеше банктің жабылатыны жөнінде тараған SMS-хабарламалар жөнінде түсінік берді.
Айтуынша, мұны әлдекімдер арандату мақсатында жасаған. «Сондықтан салымшылар қаржысынан қағылмайды», - дейді ол. Оған қоса еліміздегі банктерде қаржы жеткілікті. Тіпті Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қаржылай қолдау көрсетуге даяр екендігін айтты. Банкирдің сөзіне сенсек, Ұлттық банктің резервтік қорында 3 триллион теңгеден астам қаржы бар.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Жалған хабарлама тарағалы бері салымшылар оның рас өтірігін анықтауға тырысты. Біз оның жалған хабарлама екендігін айтамыз. Салымшылардың да көзі жетіп, сабырға келсе дейміз. Мен Ұлттық банктің атынан айтарым - 10 жылдың ішінде бірде бір салымшы қаржысынан айырылған жоқ. Бұдан былай да ондай жағдай болмайды.
Досжан МАРАТҰЛЫ