Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы экологиялық күрделі ахуалдың нақты себебі неде?

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2016
  • 2524

Алматыдағы экологиялық күрделі ахуал көліктің көптігінен деген пікір жаңсақ. Қала тұрғындарының пікірі осыған саяды. Олар мұны өз бетінше сараптама жасап, көп қабатты ғимараттан түсірілген бейнежазбалармен дәлелдемек болған. Шаһардың батыс бөлігінде орналасқан жылу электр орталығынан шыққан лас қалдықтың тең жартысы тұрғын үйлерге кіріп жатыр. Ол - бір сәтте 15 мың тонна күлді қаланың үстінен шашып жібергенмен тең, дейді экологтар. Ал қала билігі мен басқарушы кәсіпорындар №2 жылу электр орталығын табиғи газға көшіру мәселесін шешуге асығар емес. 

Константин Пак Алматыда 20 жылдан бері тұрады. Экология мәселесіне бей-жай қарамайтын азамат шахардың үстінен түсірілген мына бейнекөріністі әлеуметтік желідегі парақшасына орналастырған. Ондағы интернет қолданушылардың қызу талқысы Алматыда экологиялық ахуалдың шектен шыққанынан хабар береді.

Константин Пак, Алматы қаласының тұрғыны:

Біздің кеңсеміз мына ғимараттың 22 қабатына көшіп келгеннен бастап өзгеше шешімге келдім. Яғни Алматының ауасының ластығына көліктер емес, анау тұрған жылу электр орталығы ықпал етеді. Жылыту маусымы кезінде ол жерден шыққан түтіннің желмен қалаға қарай ығысатынын байқап,үнемі видеоға түсіріп отырдым.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мамандар есебінше, Алматының ауасын ластап отырған ең қауіпті нысанның бірі - осы. ТЭЦ-2 өткен жылы ғана қоршаған ортаға 30 мың тонна қалдық шығарған. Алматы қаласының  2018 жылға дейінгі экологиясын оңалту туралы бағдарламада да мұндай деректер кездеседі. Алайда бұл мәселенің түбегейлі шешлуіне бастайтын нақты қадамдар жоқ.

Эколог Абай Ерекеновтің айтуынша, №2 жылу электр орталығын газға алмастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бастапқыда Қарағандының сапалы көміріне негізделген кәсіпорын бүгінде Екібастұз көмірін пайдаланады. Одан шығатын қалдық пен ауаға тарайтын ауыр металдар орасан көп. Бірақ бұл мәселе ешкімді толғандырмайтын секілді, дейді сарапшы.

Абай Ерекенов, эколог:

Алматы күннен күнге ластанып барады. Бұрын Қарағанды көмірін жаққанда, ауаның ластануы 10 пайыз деп қарастырылатын. Қазір Екібастұздың сапасы төмен қатты отынын жағады.Сыртқа шығатын зиянды қалдық мөлшері кем дегенде 20 пайыз. 

№2 жылу электр орталығы табиғи газдың тапшылығынан жаңғыртылмай отыр, деген пікірлер де жоқ емес. Нысанды газға көшіру қауіпті әрі қымбат жоба. Егер кешен көгілдір отынмен жұмыс істесе, тариф те қымбаттайды. Экологиялық жағы болмаса, көмір арзан әрі оның Қазақстанда жүздеген жылға жететін қоры бар.  Энергокешенге жауапты компания жетекшілері қалаға бұл кәсіпорыннан келетін экологиялық қауіп төмендеді деген пікірде. 

Алмасадам Сатқалиев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

Алматыдағы жылу электр орталығы қайта жаңғыртудан өтті. Күлді ауаға шашпайтын соңғы үлгідегі эмульгаторлар қойылды. Күкірт пен азотты ұстап қалатын оттықтар мен сүзгілер де еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Осылайша ауаның ластануын 80 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. 

Алматыда 2018 жылға дейін қоршаған ортаны ластаудың үлесін азайту туралы бағдарлама бар. Құжатта қаланың экологиясын оңалту үшін осы жылу электр орталығын табиғи газға көшіруге басымдық берілген. Себебі стратегиялық нысан Алматыны 80 пайыз жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл мәселеде шенеуніктер мен экологтардың пікірі бір арнаға тоғысар емес.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ