Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қашан енетіні келесі айда белгілі болуы мүмкін. Бұл туралы Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-министр Серік Ахметов айтты.
Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:
Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысты келіссөз жүргізіп жатқандар өте тәжірибелі. Олар он жылдан бері осымен айналысуда. Наурыздың басында Вашингтон ұйымға ену тәртібіне қатысты соңғы сөзін айтады. Наурыз-сәуірде біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қашан енетініміз нақты белгілі болады.
Сондай-ақ, Серік Ахметов Ұлттық қордан берілетін 1 триллион теңгенің қалай бөлінетінін атап өтті. Қаражат кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін, екінші деңгейлі банктер мен "Даму" қорына беріледі. Несиелеу тәртібі бес жылдан - он бес жылға дейін, сегіз пайыз үстемақымен жүргізіледі.
Үкімет басшысы "қайтпай қалған несие мәселесін шеше алмайтын банктерді тарату қажет", - деді. Сондай-ақ қаржы ұйымдарындағы біліксіз басшылар үшін мемлекет шығындалмауы тиіс деп санайды. "Бүгінде елімізде екінші дәрежелі отыз сегіз банк бар. Оларды қысқартып, нақты жұмыс істейтін он банк қалдырсақ та, жеткілікті",- дейді Үкімет жетекшісі.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ