Солтүстік Қазақстан облысында жол ережесін бұзған Ресей азаматтарынан айыппұл өндіру қиын болып тұр. Ал қос елдегі полиция қызметі қол қойған конвенцияда бұл тұстар қарастырылмаған. Осы олқылықты жою үшін бүгін Ішкі істер департаментінің өкілдері ресейлік Омбы, Қорған, Түмен облыстарындағы әріптестіремін тікелей байланысқы шығып, селекторлық жиын өткізді.
Заң бұзғандарға жыл басынан бері екі жарым миллион теңге айыппұл салыныпты. Бүгінде оның 500 мың теңгесі ғана төленген. Былтыр көрші елдің көлік тізгіндеген азаматтары 11 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс болған. Бірақ оның жеті пайызы ғана өтелген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, айыппұлды өндірудің бір ғана жолы бар. Ол жол ережесін қатарынан 3 рет бұзған азаматты депортациялау ғана. Мәселен, былтыр жол тәртібін елемеген Ресейдің екі азаматы еліне қайтарылған. Енді олар үшін Қазақстанға жол жоқ.
Болат Жексембинов, СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы:
Соңғы үш жылдың ішінде Ресейдің он мыңнан астам азаматына жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бірақ оның жартысына жуығы ғана қарызды өтеді. Қалғанының айыппұлды төлейтін ойлары жоқ. Бүгін біз ресейлік әріптестерімізбен осы бағытта пікір алмастық. Жақын арада нәтижесі болады деп ойлаймын.
Абзал ҚҰРМАНКИН