Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин алдағы әлем біріншілігі мен 2018 жылғы олимпиада ойындарына дейін ешбір стартқа қатыспайды. Спортшы әлем чемпионаты мен төртжылдық додасында жақсы нәтиже көрсетуді өзіне басты мақсат етіп отыр.
Бүгін Өскеменде өткен баспасөз отырысында шаңғышы дайындығын «төрттікке» бағалады. Әлемнің үздік ондығына кіретін спортшы биыл бірқатар әлемдік старттарда топ жарды. Мәселен, Полторанин - әлем кубогінің төрт дүркін жеңімпазы, норвегиялық спринтер Мартин Йонсурдты артта қалдырған жалғыз шаңғышы. Алексей алдағы әлем біріншілігінде өзінің үйреншікті 15 шақырымын, ал олимпиада ойындарында 50 шақырымға жүгіруді жоспарлап отыр.
Алексей Полторанин, шаңғы спортынан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
Басты мақсат - келесі маусым, деп шештік. Әлем чемпионатының алтын медалін алатын кез келді. Әлем кубогы - үлкен дода алдындағы дайындық қана, өткінші старт. Жаттығу қалыпты жағдайда жүреді. Ең басты дода - бірінші наурызда. Бұл менің сүйікті классикалық 15 шақырымым.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ