Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда теріс ағымға ерген 167 адам тура жолға түсті

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2016
  • 2283

Атырауда мектеп жасындағы оқушылардың теріс ағым жетегінде кетуі жиілеген. Бүгінде аймақтағы адасып жүргендердің дені 15 пен 28 жас аралығындағы азаматтар. Сәйкесінше, дін істері жөніндегі басқармада да жұмыс қызып тұр. Олардың белсенді түрде түсіндіру шараларын өткізуінің нәтижесінде бір жыл ішінде теріс ағымдағы 167 атыраулық тура жолды тапқан.

23 жастағы Оразбек 5 жыл бойы салафиттік бағыттағы «бауырларымен» бір ұстанымда болғанын жасырмайды. 17 жасында намазға жығылған бозбала оң-солын толық танып үлгермей жатып, көршілерінің уағызына еріп кеткен. Ата-анасының сөзін құлаққа  ілмеген ол "туыстарымның қуанышы мен қайғысын бөлісуге де тиым салынды" деп еске алады. Бір жақсысы Оразбек үшін ол күндер  өткеннің еншісінде қалды.

Оразбек Амангелдиев, Атырау қаласының тұрғыны:

Сондағы өмірдегі бағытың - өмір сүру, өмірден өтіп кету. Сол ақыретке жету, яғни өмірдің ешқандай қызығы жоқтығына және бұл қызықтардың барлығы ешқандай жақсылыққа апармайтындығына мақсатпен болдым. 4-5 жыл өткеннен кейін жұмыс бағытымен сапар шегіп кетемін. Сол кезде бір кісімен жолығам. Сол адамдармен ақиқатты таластырумен болдық. 

Күләш апай жалғыз ұлы намазға жығылғанда қарсы болмаған. Бірақ келін әкелген кезде, баласы мен оның алған жарының ұстанымына күмән келтіріпті. Ақыры күдігі ақиқатқа айналған. Бес уақыт намаз оқитын келінінің жүрегіне иман емес, жын ұялағандай ұрыс-керіске арқау болды деп отыр.

Күләш, Атырау қаласының тұрғыны:

Не болса соны дау қылады. Туындап келе жатқан дауды көтереді. Керісінше, сол сауды ушықтырмаудың амалын жасамайды. Үйдің берекесін ойлау керек. Аяқ көтеріп, тепті де. 

Атырау еліміз бойынша теріс діни ағымға еріп адасып жүргендердің саны жағынан бірінші орында,- дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай. Ол тіпті 15-16 жастағы мектеп оқушылары теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқанын жасырмайды. Олармен күрес үздіксіз жүруде. Нәтиже жоқ емес, бір жыл ішінде адасып жүрген 167 адам дұрыс жолға түскен. Қиындықтар да жетеді.

Еркінбек Шоқай, Атырау облыстық дін істері басқармасының бастығы:

Жастарды қайтаруда негізгі соқтығысатын проблемамыз - ол сол теріс ағымдағылардың біздің мамандарымызды, теологтарымызды тыңдамауы. Әрине, бұл сол өздерінің шейхсымақтарының, көсемсымақтарының оларға беріп қойған нұсқауы. Оны шариғат тілінде пәтуа деп атайды. Бізден басқа ешкімді, қалғандары адасқан, кәпірлер, тыңдамаңдар, құран аяттарын айтып жатса да, пайғамбар хадистерін айтып жатса да, тыңдамаңдар деп,  оларға солай нұсқау береді.

Адасып жүргендерді дұрыс жолға салу мақсатындағы уағыздар мешіттер мен түрмелерде үздіксіз жүргізіліп келеді. Жастарды сақтандыру үшін мамандар оқу орындарын да ұмыт қалдырмайды. Сырт көзге исламның тура жолын ұстанғандай көрінетіндердің арбауынан сақтануды ескертеді. Былтыр ақпараттық бағытта 28 бейнеролик, 5 деректі, 3 қысқа метражды фильм түсірілген.

Айбек Аташев, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:

Дәстүрлі емес діни бағыттағы жүргендер - біздің Атырау қаласындағылардың көпшілігі дерлік, өздері ішінен іріп, 7-8 топқа бөлініп кеткен.  Өз араларында бөлініп кеткендерінің ең сорақысы мынау - мешіттегі намазға, тіпті жұма намазына келмейтін топтар да пайда болды.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Кейіпкеріміз Оразбектің әйелі де дәстүрлі дінге бет бұрыпты. Ал Күләш апайдың ұлы тәрбиеге көнбеген әйелінен біржола ажырап, өзі адасқанын мойындап тура жолға оралған. Теологтар мен имамдар айтуынша, адасқандарды кері қайтару ұзақ уақытты қажет етеді. Бірақ, қажырлы еңбектің жемісі болатынына сенеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ