Қостанайдағы пәтерінде бірнеше ит асырайтын тұрғынға көршілері наразы

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2016

Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше ит асырайтын көршісінің қылығына наразы. Мүңкіген сасық иіс пен иттердің күні-түні қыңсылаған дауысы әбден қажытты, - дейді олар.

Төрт аяқтыларды асырап отырған көршісінен зардап шеккендердің бірі - Ұлжан Ханапина. Тынымсыз үре беретін үй жануарларының даусынан немерелерім үрейленіп, ұйқысынан шошып оянады. Ал жағымсыз иістен жиіркеніп, әбден  берекеміз қашты, - дейді қарт ана.

Ұлжан Ханапина, Қостанай қаласының тұрғыны:

Жоғарыдағы көршім 5 ит ұстайды. Өте қиын. Кішкентай екі немерем бар. Соларға қиын. Балаларымыз ұйықтай да алмайды. Ойнай да  алмайды. Иттер жүгіріп, үрген кезде  бұлар қорқып отырады.

Қос бөлмелі пәтерде тұратын жалғызбасты әйелдің неше ит асырап отырғанын көршілері нақты білмейді. Өйткені ол ешкімге есік ашпайды екен. Тіпті учаскелік полицей мен қалалық  ветеринария бөлімінің қызметкерлері де зейнеткердің үйіне кіре алмаған. Тұрғындардың шағымын қараусыз қалдырмауға мүдделі мамандар енді ит асыраушыны аңдып, қалайда  үйіне кіруді жоспарлап отыр. Егер үй жануарларын ұстау ережесін сақтамаған болса, тиісті шара қолданамыз, - дейді ветеринария бөлімінің өкілдері.

Заңғар САНАЙ