Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Екі томдық туынды Жеңістің 71 жылдығына арналған. Онда 1941-45 жылдары Халық қаһарманы атағына ие болған азаматтардың өмірбаяны ұсынылған.
Игі шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен редакциялық алқа мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты мен қоғамдық саясат институтының өкілдері қатысты. Жоба Ресей, АҚШ, Өзбекстан мен Қырғызстанның мемлекеттік және қоғамдық ұйымдары мен жекелеген азаматтар тарапынан да қолдау тапты. Қажетті құжаттар мен материалдар орыс тілінде болғандықтан, кітаптың бірінші нұсқасы ресми тілінде жарық көрген. Қазақ тіліне аудару үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағылшын тілінде шығару да жоспарда бар. Айта өтейік, тұсаукесер барысында ардагерлерге дәрі-дәрмектердің сертификаттары табысталды.
Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
«Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асырып келеді. Тұсауы кесілген бүгінгі кітап та - осы жобаның жемісі. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлері жайында материалдарды мұқият жинадық. Ардагерлер жайында толымды ақпаратты қамтыған жинақ соңғы рет 1968 жылы басылып шыққан.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА