Қарағанды облысында тағы үш елді мекен су астында қалуы мүмкін. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі аймақта ауылдарды су басу қаупі күшейгенін хабарлады. Тіпті жақын күндері тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілуі мүмкін.
«Қазгидромет»-тің мәліметтеріне қарағанда, Үлкен Құндызды өзеніндегі су белгіленген мөлшерден 96 см-ге көтерілген. Ал Нұра өзеніндегі су Шешенқара кенті және Балықты теміржол стансасы маңында қауіпті деңгейге жетті. Бұдан соң төтеншеліктер тұрғындарға заттарды жинап, азық-түлік,ауыз суды қамтып, газ және электр желілерін ажыратып көшуге дайын отыруды ескертуде.
Айта өтейік, бұған дейін осы өңірдегі Көкпекті ауылын су басып, 5 адам қаза болды. Қазір апат аймағын қалпына келтіру шаралары жүріп жатыр. Бұған мыңға тарта адам жұмылдырылған. Осы күнге дейін ауылдан 560 тонна қоқыс шықты. Сондай-ақ, 500-ге жуық арам қатқан мал да ауылдан шығарылды. Бүгін Көкпектіде қапияда қаза болған тұрғындарды қара жерге тапсырады.
Илхам ИБРАГИМ