Қазақстан Украинадағы жағдайдың тез арада оңалуына әрдайым тілекші. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлімдеді. Сондай-ақ ол Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы жағдайды реттеу жолында маңызды роль атқаратынын атап өтті. Ведомство басшысы бүгін ұйымның Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті.
Министр өз сөзінде: «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы жағдайды реттеуде маңызды миссиясы бар. Барлығымыз Женева келісімдері нәтижесін береді деп үміттенеміз. Осы келіссөздер аясында ұйымға аса үлкен мән беріледі», - деді. "Ұйым жұмысына қолдау көрсетуге Қазақстан қашанда әзір екені қуанарлық жайт", - деп бағалаған Ламберто Заньер Еуропа қауіпсіздік ұйымының Қазақстанға қатысты ұстанымын жеткізді.
Ломберто Заньер, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
Біз Қазақстанмен жұмыс істеу әдісін жаңартуды қалаймыз. Мұндағы қызметімізді толықтай жаңғыртуға мүдделіміз. Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысындағы іс-шаралардың аса маңыздылығын атап өткім келеді. Атлантикадан Владивостокқа дейінгі аумақта тұрақтылықтың сақталуын қадағалау басты міндетіміз. Қауіпсіздік шаралары кешенді түрде жүргізілуі үшін бірлесе қадам жасауымыз қажет.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА