Қызылжар әкімдігі қараусыз қалғанды саяжайларды меншікке қайтарып, егін еккісі келетіндерге тегін бере бастады. Өйткені соңғы жиырма жылда қала іргесіндегі бау-бақшаның тең жартысы игерілмей жатыр. Құнары мол топырақты шөп басқан. Сондықтан жергілікті билік өкілдері аталмыш бау-бақшаларға жарық пен су өткізіп, жол салмақ. Қаңырап қалған учаскілердің қайта жандануын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин өз көзімен көріп келді.
Берекені еңбектен көрген Қабжан Сәтеміров ауылдан қалаға қоныс аударған кезде бірден саяжай сатып алған. Отағасы жаз бойы жерді өңдеп, қара топырақтың несібесін қысты күні азық етеді.
Қабжан Сәтеміров:
Морковь, свекла - бәрін саламыз. Картоп міне салып қойдық. Өзіміз ауылда өскенбіз ғой. Ауа таза, жұмыс істеп. Енді үйде қалай жата бересін? Осы саяжайға барғымыз келіп тұрады.
Алайда, саяжайларын тастап кеткен тұрғындар да жетіп артылады. Сандарды сөйлетсек, Кеңес үкіметі заманында Қызылжарда 47 мың саяжай болса, қазір оның тең жартысы қаңырап бос тұр. Бұған түрлі жағдайлар себеп. Егер де біреудің жарық пен суы болмаса, енді бірі қартайып, бақшаларын күтуге қауқарсыз болып қалды.
Бүінгі күні Қызылжардағы сауда сөрелеріне түсетін көкөністің 30 пайызы жергілікті саяжайларға тиесілі. Табиғи таза өнімнің үлесін арттыру мақсатында шенеуніктер жеке бау-бақшаларды қайта тұрғызуды қолға алды. Жуырда қалалық әкімдіктің жанында саяжайшылардың кеңесі құрылды. Ұйым мүшелері шаһардағы 136 бақ шаруашылығы серіктестіктерінің мәселелерімен айналысып жатыр. Аталған кеңестің арқасында биыл саяжайлардың жолдарын қалпына келтіруге қалалық қазынадан 25 миллион теңге бөлінді.
Леонид Лукашевич, Бақ шаруашылығы серіктестіктері қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Тұрғындардың таза ауада демалғысы келеді. Бірақ қарапайым саяжайшылар ортақ мәселелерді шешуге қауқарсыз. Сондықтан осындай кеңес құрылды. Қазір қаладағы саяжайлардың түгел дерлігінде су бар. Енді барлығына жарық тартқымыз келеді. Бүгінде электр тарату компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Тәжірибелі бағбан Вячеслав Богдановтың пайымдауынша, қазір жұрттың саяжай ұстауға белсенділігі арта түсті. Бұқара шөп басқан жерлерді қалпына келтіріп, саяжайларға өң береді. Алайда, сол учаскіні жекешелендірген кезде тығырыққа тіреледі, дейді ол.
Вячеслав Богданов, «Дружба» бақ шаруашылығы бірлестігінің төрағасы:
Жұрт қараусыз қалған саяжайларды заңдастыра алмайды. Себебі бұл жерлер 1996 жылы тұрғындарға жеке меншікке берілген. Бүгінде бағбандардың көбі жоғалып кетті. Ал жерді қалпына келтіргісі келетін кісілер ол учаскілерді өз аттарына жаза алмай, әуре болады.
Айта кету керек, қалалық әкімдік қазір қараусыз қалған жерлерді мемлекет иелігіне қайтару үстінде. Соңғы үш жылдың ішінде мыңға жуық саяжай учаскісі мемлекет меншігіне өткен. Енді жақын арада шенеуніктер бұл саяжайларды бақша өсіруге ниетті кісілерге таратпақ.
Абзал ҚҰРМАНКИН