Астанада дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жеткіліксіз. Әсіресе ақ халаттылар шұғыл қажет. Бұл елордада өткен вакансиялар жәрмеңкесінде белгілі болды. Тіпті қалалық қос ауруханаға дәрігер ғана емес, сондай-ақ санитарлық-техникалық еңбеккерлер де қажет екен. «Жұмыспен қамту орталығы» ұйымдастырған шараға 40-қа жуық жұмыс беруші 260 вакансия ұсынды.
Шынар Бақтыбекова жәрмеңкеге жұмыс іздей келген. Егер табылар болса, өз мамандығы бойынша еңбек етуді қалайды. Тіпті сынақ мерзімінен де қайта өтуге әзір. Өйткені 3 жыл декреттік демалыста отырған келіншектің біршама қарайып қалғаны бар.
Шынар Бақтыбекова, Астана қаласының тұрғыны:
Баламен үйде отырғандықтан, Астанада жәрмеңке болады дегенді естігеннен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс қарастыруға келдім. Табылып жатса, жұмысқа орналасам деген ниетім бар. Мамандығым - транспорттық техник, технолог.
Шынардың жолы болды. Қатарынан бірнеше кәсіпорынға техник-инженер қажет екен. Бұл жолы Астана қаласының «Жұмыспен қамту орталығы» ұйымдастырған жәрмеңкеге 40-қа жуық жұмыс берушіден 260 вакансия қойылыпты. Күзетші, кондитер, тігінші, мұғалім, тіпті полиция мен дәрігерлікті де іздегендерге мұнда орын бар.
Ирина Бойко, «СМЭУ-Астана» ЖШС кадр бөлімінің маманы:
Біздің ұжым жол белгілерін, бақылау бейнекамерасын және бағдаршаммен айналысады. Оларды жөндейміз, дайындаймыз. Сондықтан инженер-электриктер шұғыл қажет. Энергетика саласында білімі болса тіптен жақсы. Жалақысы тәжірибесіне қарай 120 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.
Бұл «Жұмыспен қамту орталығының» 2016 жылдың бірінші тоқсанында өткізіп отырған 4-ші жәрмеңкесі. Нәтижесі де жаман емес.
Олжас Омар, Астана қаласы әкімдігі «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры:
3 жәрмеңкенің қорытындысы - 75 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Одан басқа 80 адам тәжірибеден өтіп жатыр. Жалпы біз жылына 10-12 жәрмеңке өткізіп отырамыз.
Бүгінде Астана қаласы бойынша 4 810 азамат ресми жұмыс іздеушілер тіркеуінде тұр екен.
Құралай ПИОНЕР