"Алматы әкімдігі қаланың экс-басшысы Виктор Храпуновтың үстінен сотқа шағым түсірді", - деп Блумберг агенттігі хабарлады. "Мемлекет қазынасынан 300 млн доллар көлеміндегі қаражатты жымқырды деген айыппен Лос-Анжелестегі федералдық сотқа шағымданған тараптың айтуынша, қолды болған қаржы АҚШ және Швейцариядағы есепшоттарға аударылған", - деп жазды америкалық агенттік.
Мәселенің анық-қанығын білмек болып Алматы қалалық әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз хатшысы бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Ұрланған ақшаға экс-әкім және оның отбасы мүшелері қымбат көліктер мен тұрғын үйлер сатып алған. Дәл қазір істі Лос-Анжелестегі федералды сот тергеп жатыр. Айта кетйік, ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық мәслихат мүшелерінің шешімімен Виктор Храпунов «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағынан айырылған болатын.
М. СЕРІКҚЫЗЫ