Оралда Кеңес Одағының батыры, ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметованың мұражай-үйі тоналды. Бірақ тонаушы ұзамады. Түн ішінде терезені сындырып, ішке кірген ұры мұражайдың астан-кестеңін шығарған.
Осылайша 1891-жылы шыққан үлгідегі «Мосин» снайперлік мылтығы мен карабинді және механикалық патефонды олжалайды. Қару-жарақ пен патефонды соғыс кезінде кеңес жауынгерлері пайдаланған. Мұнымен тоқтамаған ұры алғашқы қазақ әскери бөлімін құрған Хамит Чуриннің раритеттік былғары рулетка-өлшеуішін және «Самсунг» DVD ойнатқышын да жымқырып кеткен.
Ал бұл кезде қалың ұйқыға кеткен күзетші - мұражай директорының ұлы ештемені сезбепті. Мұражайдың тоналғанын оның қызметкерлері таңертең жұмысқа келіп, есікті ашқанда ғана байқаған.
Асылай Ғұбашева, БҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бұл қылмыс небары 4 сағаттың ішінде ашылды. Осы айналадағы бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің түр-келбеті мен барған жерлері анықталды. Қазір ұрланған тарихи жәдігерлер мұражайға кері қайтарылды. Осыған дейін ұрлық және тонау қылмысын жасағаны үшін 5 рет сотталған 25 жастағы жігіт күдікті деп айыпталып, қамауға алынды.
Еркін ҚАРИН