Русский Сайттың толық нұсқасы

Бразилияда футболдан әлем чемпионаты қарсаңында қақтығыстар күшейді

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2014
  • 1208

Бразилияда полиция қызметкерлері мен қоғамдық көлік жүргізушілері ереуілге шықты. Футболдан әлем чемпионаты басталуына бір ай қалғанда, билік жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтауға қауқарсыз болып отыр.

14 штаттың мыңдаған құқық қорғаушылары бір күндік ереуіл жариялады. Олар жалақыларын 80%-ға өсіруді талап етуде. Рио-де-Жанейро, Сан-Паулу қалаларында да осындай жағдай. Бұл шаһарларда чемпионаттың ашылуы және финалдық ойындар өтуі тиіс.

Наразылық шаралары салдарынан елде қылмыс саны күрт артып кетті. Жергілікті билік өкілдері үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр. Өз кезегінде үкімет толқулар өтіп жатқан қалаларға мемлекеттік гвардия мен әскер жіберді.

Қоғамдық көлік жүргізушілері де бас көтеруде. Сан-Паулу қаласында 18 автопарктің 3-уі ғана жұмысын жалғастырды. Бірақ, қала орталығына жеткен бойда автобус жүргізушілері көліктерін тастап кетіп жатыр. Олар жалақыларына уәде етілген 10% орнына 40% қосылсын деген талап қойып отыр.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА