Русский Сайттың толық нұсқасы

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры компанияларының еңбек әулеттерін ұлықтады

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2016
  • 2094

563 жыл. Жамбылдық теміржолшылар отбасының ортақ еңбек өтілі 5 ғасырдан асып кетеді. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бүгін компанияларының еңбек әулеттерін ұлықтап, медальдер табыстады. Қырбаевтар әулеті темір жол саласында сонау 1927 жылдан бастап тер төгіп келеді. Содан бері үш ұрпақ ауысса да, дәстүр сақталған.

Жұматай Қырбаев, теміржолшы:

Үлкен ағам 1956 жылдан бастап жұмыс істеді. Ол кісінің 11 баласы бар. 11 баласының алтауы темір жолда істейді қазіргі уақытта. Екінші ағам 40 жыл істеп темір жолда, үшінші ағам 40 жыл істеді. Мен өзім 46 жыл болды. Інім де, қарындасым да - бәрі осы темір жол саласында істеген. Сондықтан ол жалғасады деп ойлаймын.

«Самұрық-Қазына» қоры еңбек әулеттері өкілдеріне құрмет көрсету дәстүрін 2013 жылдан бастады. Енді осы бастаманы бірқатар компаниялар тобының еңбек ұжымдары қолдап отыр.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

Біз өзіміздің батырларымыз туралы айтып жатырмыз. Олар соғыста емес, ұрыс алаңында емес, күнделікті тірлікте ерлік жасап жүргендер. Сіздер қуаттарыңызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, құндылықтарды қалыптастыра білдіңіздер. Ұрпақтарыңызды еңбек құндылықтары рұхымен тәрбиелеп отырсыздар. Бүгін ірі тоғыз ұлттық компаниямыз өзінің еңбек династияларын таныстырды. Біздің тарихымыз, мақтанышымыз сіздерсіздер.