Оралда уланған мектеп оқушыларының саны 126-ға жетті

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2015

Оралда дарынды балаларға арналған мектеп-интернатындағы тамақтан уланған оқушылардың саны 126-ға жетті. Жағдайы ауыр екі бала тіпті жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір балалардың жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуов мәлімдеді.  Дәрігерлер ауруханаға жатқызылған 126 баланың 95-інің жағдайы қанағаттанарлық деп отыр. Ал жансақтау бөліміне ауыр күйде түскен тағы екі оқушының беті бері қарап, палатаға шығарылған

Қамидолла Ирменов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Балалардың бәрінің шағымдары бірдей: жоғары дене қызуы, эпигастрийдегі ауру белгілері, нәжістің бұзылуы, бас ауруы. Тамақ өнімінің биоматериалдарынан, контактілі тұлғалардан сальмонеллалардың табылуы және өткір ішек инфекциясы клиникалық белгілерін есепке ала отырып, тамақтан токсиндік улану диагнозы қойылды. Яғни, сальмонеллалық этиология.

Ауруханаға түскендардің барлығы дерлік мектеп интернатында жатып оқитын, аудандардан келген балалар. Дені 5-7 сынып оқушылары. Ата-аналарының айтуынша, олар бейсенбі күні кешкі астан соң өздерін жайсыз сезінген. Ауру белгілері түнде басталыпты.

Ата-ана:

7 жарым 8-дерде звондады, мама мені больницаға алып бара жатыр. Түңгі үштен бастап ауырдым мен, деп. Ішім ауырды, ішім өтті, қызуым көтерілді деп. Сосын төменге медпунктке түссем, бір-екі бала отыр екен дейді  сол интернаттағы балалар. Сосын бізге парацетамол берді де жатыңдар деп айтты дейді. 

Санитар мамандарың сөзінше, мектепте тазалық талаптары өрескел бұзылған. Қазір залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, асханадағы тағам өнімдері тексеруге алыныпты.

Мұхамед Арыспаев, БҚО Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы:

Аспаздар түстегі тамақты кешке қайтадан жылытып берген. Оқушылар осы тағамнан ұшынуы мүмкін. Сондай-ақ, асханадағы ыдыс-аяқтарды тексерген кезде сынамалардың 28 пайызы талапқа сай еместігі анықталды. Қазір аспаздар жұмыстан шеттетілді.

Қазір мектепте сабақ уақытша тоқтатылған. Ал, білім ошағының басшысы орнынан табылмады. Ауруханадағы балалар алдағы бір апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады.Қазір мектеп оқушыларының жаппай улану дерегі бойынша ҚР ҚК 304-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапта кінәлілер анықталған жағдайда екі жылға сотталады немесе ірі мөлшерде айыппұл төлейді.

Е.КАРИН