Бүгін Алматыда қалалық жастар саясаты басқармасы мен ІІД бірігіп бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шара «жылжымалы жұмыспен қамту орталығы» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат - жастарды ІІД бос орындардан хабардар ету. Департаменттің хабарлауынша, дәл бүгінгі таңда 400 лауазымды қызметтің орны бос. Тек жұмысқа қабылдау талаптары күшейтілген. 
 
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы: 
 
Олар міндетті түрде жоғары білімді болуы керек, офицер шеніне үміткерлер. Ал сержант шеніне үміткер міндетті түрде армияда қызмет етуі тиіс. Егер ол ер азамат болса, оның бойы 170 см -ден кем болмауы керек, тиісті жоғары заң білімі болуы тиіс, әрі моральдік-этикалық тұрғысынан, физикалық дене бітімі де келісті болуы керек. 
 
Талаптар күшейтілсе де, жұмыс іздеп жәрмеңкеге келгендер қарасы қалың. Мәселен, Алматы заң колледжінің 1 -курс студенті Аида Әділғазы болашақта тергеуші болғым келеді дейді. Ол қазір қоғамдық көмекші болса да, замандастырын тәртіпке шақыру ісіне белсенді араласып жүр. 
 
Аида Әділғазы, Алматы заң колледжінің студенті: 
 
Полицияның көмекшісі ретінде біз неше түрлі кезекшіліктерге шығамыз. Көшеге шығамыз, 11-ге дейін далада жүретін жасөспірімдерге қараймыз, сол сияқты жұмыстар атқарамыз. 
 
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ