Қашағанды игеру бойынша бірлескен консорциумның жұмысы бір компанияның қолына шоғырланады. Ол NCOC-дің тәжірибесін басшылыққа алмақ. Атауы да өзгермейді.
North Caspian Operating Company баспасөз қызметі интеграциялық процесс биыл аяқталады деп мәлімдеп отыр. Хабарламада сондай-ақ бұл бастаманың солтүстік Каспий қайраңында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына ешқандай бөгет болмайтыны жазылған. Жаңа компания қызметкерлерінің басым бөлігі Атырауда жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, компанияның Үкіметпен байланыс орнататын астаналық бөлімі де жұмыс істейді.
Еске салайық, Қашаған кен орны былтыр 11 қыркүйекте алғаш іске қосылған. Бірақ 24 қыркүйекте құбырдағы ақауға байланысты өндіріс тоқтатылды. 6 қазанда іске қосылғанымен, үш күннен соң қайта қаңтарылды. Содан бері өндіріс тоқтап тұр. Жөндеу жұмыстары жүрзіліп жатыр.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ