Астана күнін мерекелеуге шаһар билігі 700 млн теңге бөлді. Астана қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол әкімдіктің жыл сайын елорда күнін мерекелеу шығынын оңтайландырып отыратынын жеткізді. Іс-шараларды өзін-өзі ақтайтындай етіп өткіземіз. Егер Қала күніне арналған түрлі шаралар коммерциялық болса және қала қонақтары мен тұрғындар үшін тартымды болса, тегін алаңдар ұсынамыз, - дейді Болат Мажағұлов. Мұнан бөлек, әртістер үшін жалдау ақысыз концерт залдары берілетінін жасырмады.
Айта кетейік, Қазақстанның бас қаласы Астананың туған күні мемлекеттік мереке ретінде 6 шілде күні атап өтіледі.
Болат Тілепов, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы:
Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысуға мүмкіндік беретін түрлі шаралар қарастырылмақ. Жалпы, барлығы 70-ке жуық шараларды өткізу жоспарлануда. Оның ішінде басты назар қала көшелері мен алаңдарында. Саябақтар мен гүлзарларда өтетін шараларға аударылып отыр. Бұлай болудың себебі - біздің жүргізген сауалнама бойынша осындай бұқаралық мәндегі жалпы халықтық шаралар ел көңілінен шығатын шаралар болып табылады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА