Спортта шек жоқ. Орал қаласындағы РУ-170-те 2 тәртіптік мекемесінде жазасын өтеушілер қазақ халқының ұлттық ойындарынан бақ сынады. Алдымен, гір тасын көтерген сотталғандар аударыспақ ойынына құлшына қатысты.
Абақтыға жылқы малын кіргізуге болмайтын болған соң, жазасын өтеушілер бір-бірін арқалап, ойынды одан әрі қыздыра түсті. Жеңіске жеткендерді ынталандыру мақсатында ақшалай сыйлық та қарастырылған. Бірақ, жарысқа қатысушыларды жүлдеден гөрі тума-туыстарымен кездесуге берілер мұрсат қызықтырған тәрізді. Өз қарсыластарын оңай-ақ аударғандары, аяғының күшін сынап, армрестлингінде бақ сынасты.
Тайман Қазиев, Орал қаласындағы РУ-170/2 түзету колониясы бастығының орынбасары:
Жазасын өтеушілер мұндай шараларға белсене қатысады. Өйткені, уақыттары көңілді өтеді. Сонымен қатар, осындай жарыстарға жиі қатысса, түрлі ынталандыру сыйлықтары беріліп, бостандыққа мерзімінен ертерек шығуы да мүмкін.
Асылбек Байжазықов, жазасын өтеуші:
Бірінші орында денсаулық қой. Әрі осындай жерде отырған кезде денсаулық керек. Онсыз болмайды. 65 көтердім, бірінші шығып 65 көтердім. Енді бұдан да көп көтеріп жатыр адамдар. Тырысамыз ғой.
Еркін ҚАРИН