Күн райының күрт жылынуынан Шығыс Қазақстан облысындағы өзендер ернеуінен асуы мүмкін. Осындай болжамды өңірдің "Қазгидромет" мамандары жасады. Бүгін сынап бағанасы плюске жетіп, кей жерлерде 5 градус жылыны көрсетті. Гидрологтар өзен деңгейін қатаң бақылауына алды. Ал, құтқарушылар мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.
Бірер күн бұрын Шығыс Қазақстан облысында аяз қысып, мектептерде сабақ та тоқтатылған еді. Бірақ бүгін күн райы кенет құбылып, қар еріп жатыр. Өскемендегі ауа температурасы бір күнде -25-тен +5 градусқа жылыған. Мамандар мұндай жағдай әлі бірнеше күнге жалғасады деп отыр. Тіпті, жауын жаууы да ықтимал. Ал таулы аумақтарда қар қалың. Тау баурайындағы су ағыны өзендерге бет алған. Сондықтан жақын маңдағы елді мекендердің тасқын астында қалу қаупі күшеюде.
Татьяна Ягорлицкая, ШҚО «Қазгидромет» мекемесінің гидрологы:
Үлкен мұз қабыршықтары қалыптасуда. бұдан іркіліс пайда болады. ал ол су деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Мұз кептелісі қалыптасқан соң, су тасқыны болуы әбден мүмкін.
Қатпаған мұз қайғылы жағдайға алып келді. Бірер күн бұрын Күршім ауданының үш балықшысының өлі денесі табылды. Өкінішке орай, бұл жайт балық аулауға құмар жандарға тосқауыл бола алмады. Құтқарушылар кеткен соң, тұрғындар сүйікті ісіне қайта кіріскен. Гидробекеттегі кезекшілер болса, су деңгейін сағат сайын тексеруде.
Татьяна Ягорлицкая, ШҚО «Қазгидромет» мекемесінің гидрологы:
Қауіпті жағдай орын алар болса, біздің бақылаушылар су деңгейін тексеруді жиілете түседі. Қала ішіндегі ахуал да қауырт. Арнайы қызмет өкілдері көшелерді су басып кетпеу үшін, қарды шығарып, арықтарды мұздан аршуға кіріскен. Синоптиктердің болжамына сәйкес, түн де жылы болады.
Динара Жайымбаева, ШҚО «Қазгидромет» мекемесінің инженер-синоптигі:
Алғашында Сібірден келген антициклон әсер етті. Ауаның жоғарғы қабатында жоғарғы жылдамдық байқалады. Әуе массасы Батыстан Шығысқа жылдам ауысып жатыр. Осыған байланысты температура да көтерілетін болады.
Құтқарушылар мен жол қызметі де күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Бұған тауда қар көшкіні жүру қаупінің артып отырғандығы себеп. Ал шаһар билігі тұрғындарды кез келген төтенше жағдай болса, арнайы құтқару қызметіне хабарлауын сұрайды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ