Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтарға тегін нан таратылмақ

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2015
  • 1978

Бүгін Алматыда нан тегін үлестірілді. Осылайша қаладағы әйелдер клубының белсенділері қыспаққа алған қаржылық қиындықтарды тұрғындармен бірге еңсеруге кірісті. Қаладағы бір дүкеннің сөресін нанға толтырып, көмекке мұқтаж жандар мен зейнеткерлер, көп балалы отбасыларға тегін таратты. Игі бастамаға әріптесім Айгүл Ермахан куә болып қайтты.

30 жастағы Әлия Айтжанова үш ұлына тамақ тауып беру үшін аула сыпырады. Бүгін таңертең дүкенге жақындай бергенде «тегін нан таратылады» деп есікке жапсырылған хабарламаны көріп, қуанғанын жасырмайды. Қазіргі заманда өзінің ғана емес, өзгенің де қарнын ойлайтын жандардың барына  таңданысын жасырмай, алғысын жаудырды.

Әлия Айтжанова, қала тұрғыны:

Үш балама күніне екі нан кетеді. Бүгін біреуін тегін алып жатырмын. Кәсіпкерлерге алғысымды айтамын. Осындай дағдарыста көмектескендеріне рахмет!

Кірісі аз жандарға көмек берейік деп қолқа салған дүкен сатушыларына Виктория Бейгузина есімді әйел. Әлубының белді мүшесі дүкен сатушыларына күнделікті 10 нанның ақшасын тастап кетеді, ал сатушылар тегін нанды жоқ - жітікке үлестіреді. Тегін нанды сұрап келгендердің, қандай отбасы екенін қалай ажыратасыздар деген сауалымызға дүкеншілер былай деді.

Сәуле Сәмиева, сатушы:

Бүгін күні 6 бөлке нан алып кетті уже маған қажет еді деп, сондай кісілерге беріп жатырмыз. Енді документіңізді көрсетіңіз, расымен осы сізге керек пе, деп жатқан жоқпыз. Қажет деген адамға беріп жатырмыз. Үлкен кісілер алдамайды ғой, енді ондай адамдарға сеніп жатырмыз біз.  Алдап жатқан болса, енді оны  өздері білер.

Игі бастамаға түрткі болған қайырымды жанмен жүздесудің сәті түспеді. Өзінің қала сыртынды жүргенін айтқан ол, келешекке жасаған жоспарларымен телефон арқылы бөлісті. 

Виктория Бейгузина, әйелдер клубының мүшесі:

Мен әзірге 50 бөлке нанның ақшасын дүкен сатушыларына беріп қойдым. Сомасы шамамен 3,5 мың теңге. Таусылған сайын беріп отыратын боламыз. Әзірге тек бөлке нан үлестіріп жатырмыз. Алдағы уақытта қара нан сатып алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені зейнеткерлердің көбісі қара нан жейді. Бұл акцияны келесі айда әріптестерім жалғастырады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазір нарықтағы бөлке нанның құны 70 теңге. Әйелдер клубының белсенділері қолға алған игі бастама, әрине, күніне 4-5 бөлке нанды тұтынатын жағдайы төмен көп балалы отбасыларға әжептеуір көмек болып отыр. Сондықтан нәзік жандылар бастаған істі қаңтар айына дейін жалғастырмақ. Бұған қалталы азаматтар да  көмек қолын созар деген ойда.

Айгүл ЕРМАХАН