Заңсыз шеруге шақыру, ұйымдастыру және қатысу қылмыстық жауапкершілікке соқтырады. Бас прокурор Жақып Асанов осылай деп қатаң ескертті. Ол халықты әртүрлі әңгімелерге ермеуге, сақ болуға шақырды. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 6 мамырда Жер кодексінің кейбір бөліктеріне мораторий жариялағанын еске салды. Елбасы пәрменімен жер реформасын жан-жақты саралайтын арнайы комиссия құрылып, жұмыс бастағанын атап өтті.
Жақып Асанов, ҚР Бас проркуоры:
«...жер мәселесі бойынша кез-келген пікір білдіру үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, кейбір адамдар осындай жағдай мен заң талаптарын елемей, ортақ диалогтан қашып, халықты заңсыз қарсылық акцияларына шақыруда. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келеді. Осыған байланысты қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін ел азаматтарын мұндай арандатуға бой бермеуге, азаматтық ұстаным мен жауапкершілік танытуға шақырамын. «Прокуратура туралы» Заңның 25-2 бабын басшылыққа алып, заңсыз митингке шақыру, оны ұйымдастыру, тіпті оған қатысудың өзі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертемін».
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА