Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі тауар тасымалдаушыларынан түсетін салық 15 пайызға азайған. Екі ел арасындағы кедендік бақылау тоқтатылғанын мүлт жібермеген тауар тасымалдаушылар салық төлеуден жалтарып келген.
Осы олқылықты реттеу үшін бүгін қазақ-қырғыз қаржы министрлігінің мамандары Қордай ауданында кездесті. Жабық есік жағдайында өткен жиыннан соң екі ел арасында тауар тасымалдайтын кәсіпкерлерге салықтық бақылау күшейтілетін болды. Олардың әкелген тауарлары кәсіпкерлік мақсатта тасымалданса, 12 пайыз салық міндеттеледі. Сондай-ақ, бұдан былай қос тарап, екі елдің кәсіпкерлері мен олардың тауар тасымалы жайында ақпарат алмасып отыруға уағдаласты. Осыған орай, арнайы база жұмысы жасақталмақ.
Арғын Қыпшақов, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
Қазір 2 айда 3,5 млрд қосымша құн салығы түсті Қазақстанға. Енді өткен жылғы 2 айға қарағанда, бұл аз, 10-15 пайызға төмен. Салық төлемейтін кәсіпкерлерге қалай, қандай қимыл жасаймыз? Олар толық төлеу керек. Егер де, мысалы, сондай кәсіпкерлер келсе, бір-біріне бәсекеге қабілетті сауда-саттық жасалмайды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ