«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компанияларына тиесілі бірқатар мекемелер аукционнан сатылмайды. Олар құрылымын өзгертеді, не біржола жойылады. Бұл туралы біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында қордың басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова айтты. Жойылуы мүмкін деген компаниялар бойынша, мемлекет иелігінен алу бағдарламасы аясында бөлек тізім жасақталады. Оны Үкімет желтоқсан айының ортасына дейін бекітуі тиіс.
Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Жоюға жататын кейбір компаниялар бар. Оларды нарыққа шығару тиімсіз. Сондықтан бірден жабу керек. Егер қандай да бір активтер болса, олар өзге компанияларға берілетін болады. Бұл жұмыс тиісті шешімдер қабылданғанша, біраз уақыт алады. Бірақ оңтайландырамыз деп оларды сатуға шығарудың пайдасы болмайды. Бірден таратылу керек.