Русский Сайттың толық нұсқасы

Ж.Бекшин: Елімізде қауіпті вирус зиканы жұқтырған адам жоқ

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2016
  • 1554

Елімізде қауіпті вирус зиканы жұқтырған адам жоқ. Бұл туралы "Астана" телеарнасына Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Айтуынша, зика вирусының жыныстық жолмен де жұғатыны анықталған. Бұған дейін  індет тропикалық масалардың шағуынан таралады делінген еді.

Қауіпті вирус іргелес Ресейге жетіп отыр. Онда 3 адам вирус жұқтырды деген ақпар бар. Бас санитар дәрігер ел аумағында қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін айтады. Халықаралық әуежайларда тексеру қатаңдатылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, зиканы 64 мемлекетте 500 мыңдай адам жұқтырған. Әсіресе Африка мен Латын Америкасында дендеп тұр. Ондағы науқастардың басым бөлігі - жүкті әйелдер мен балалар. Мамандар Бразилиядағы олимпиада ойындарына баратын азаматтардың мұқият болуын ескертеді.

Жандарбек Бекшин, ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Елімізде әлі ешқандай зиканың тіркелуі болған жоқ. Дайындықты жасап жатырмыз. Екі зертханамыз аса қауіпті инфекцияларды зерттейтін құралмен жабдықталған. Біз назар бөліп отырған Бразилиядағы жазғы олимпиада. Спортшыларымыз, жанкүйерлеріміз соған барады. Олармен арнайы жұмыс жасау үшін жоспар жүргізіп жатырмыз.