Нөсер жаңбырдан зардап шеккен атыраулықтар қала билігінен төтенше жағдай жариялауды талап етті. Шыдамы шегіне жеткен жүзге тарта тұрғын қала әкімдігіне келді. Аймақта екі тәулікте бір айлық мөлшердегі жаңбыр жауған. Наурыздан бері қызыл судан 7 үй құлап, бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды. Бес мектепке су кіріп, жұмысын уақытша тоқтатты. Төрт тәулік бойы нөсер жауын толастамай тұрған Алматыда да жағдай осыған ұқсас. Жаңбырлы маусым жайы Базаргүл Нәдірқызының бейнематериалында.
Үйлері суға кетіп, баспаналары құлап жатқан атыраулықтар таңмен таласа әкімдікке келген. Айтуларынша, биліктен көмек күтумен шаршаған. Комиссия баспаналарымызды бірнеше рет қарап, шешімін айтуға асықпай отыр,- дейді. Тұрғындардың ендігі талабы біреу - аймақта төтенше жағдай жариялансын деп отыр.
Айгүл Жанғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
Кешегі жаңбырдан кейін далаға шығып қалдым. Бүкіл затымыздың бәрі қалқып жүр судың бетінде.
Жеңіс Сарымсақов, Атырау қаласының тұрғыны:
Үлкен кісілер бар, инвалид кісі бар. 9 семьямыз анда, су да жоқ, шай да жоқ, дыммен қамтымады. Бір одеяло мен көпшікпен жатырмыз солай.
4 отбасы мектептің спорт залын паналап отыр. Бұл жерде кішкене сәбиден бастап 90-нан асқан қария да бар. Қала әкімдігінің мәліметінше, аймақта екі тәулікте 1 айлық мөлшердегі жауын-шашын түскен. Салдарынан 5 білім ошағы жұмысын тоқтатты. Электр станциялары да суға толып, бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды.
Базаргүл Нәдірқызы, тілші:
Жарбосынов көшесіндегі мына ескі үйдің қабырғалары құлаған соң, үй иелері тума-туыстарды жағалап кеткен. Жихаздар мен қажетті техникалар су астында қалған. Атырау қаласы бойынша жаңбыр суына төтеп бере алмаған 16 ескі үй құлап қалды. Ал 300-ден астам баспана суда тұр.
Қалада су сорып жатқан техника да байқалмайды. Сондықтан автокөліктер де суда жүзіп жүр. Тұрғындардың арызын жеке-жеке тыңдаған қала әкімі баспананы қорғау әркімнің өз жұмысы екенін баса ескертті. Зардап шеккендерге көмекті жан-жақты тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан комиссия ғана қабылдамақ.
Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:
Төтенше жағдай жариялауға ешқандай мүмкіндік, негіз болмай отыр. Сондықтан екінші бір бағыты бар, мысалы, 100-500 адам зардап шеккен жағдайда, міне осы бағытта комиссия зерттеп жатыр.
Алматы облысында нөсер жауынның салдарынан өзендер тасып жатыр. Соңғы екі аптада 127 үй мен ауланы су басқан. Әсіресе Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының тұрғындары зардап шеккен.
Гүлтаңсық Медеуова, «Қазгидромет» МКК Алматы филиалының инженер- синоптигі:
2-3 күннен кейін ауа-райының ашық болуына байланысты және оңтүстіктен жылы ауа массасының шығуына байланысты, ауа температурасының біртіндеп көтерілуі күтіледі.
Атырауда да мамыр айы жауынды болмақ. Сондықтан бұқараға әлі де біраз сабыр сақтауға тура келеді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ