Шымкентте сегіз адамды қаққан күдікті жүргізуші куәлігі болмаса да көлік басқарып жүрген. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, жеті адамды жаралап, 4 жасар баланың өмірін қиған 19 жастағы жүргізуші бұған дейін де жол-көлік оқиғасын жасапты. Және осы үшін сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айрылған. Қайғылы оқиға Шымкент маңындағы Жаңаталап елді мекенінде орын алды. Айта кетейік, бүгін қалалық білім бөлімінің басшысы жұмысынан босатылды. Бұған балалардың жолдағы өлімінің жиілеп кетуі себеп болған. Айзада Төребекқызы тарқатады.
Көлік астына түскен сегіз адамның екеуі ересек, алтауы - бала. Куәгерлердің айтуынша, жаяулатып келе жатқан топ аялдаманың тұсына жеткенде, жүйткіген көлік оларды қаға-маға өте шыққан. Қас қағым сәтте ешкім қашып құтыла алмапты. Өкінішке орай, алған ауыр соққыдан төрт жасар бүлдіршін тіл тартпай кетті. Сұмдық оқиғадан есеңгіреп қалғандардың бірі - төрт баланың әкесі Рүстем Мектепбергенов. Жол апатына ұшырағандардың арасында оның әйелі мен екі баласы да бар.
Рүстем Мектепбергенов:
Сабақта оқитын. 1 класс, нөлевойда. Азанда оқиды. Сабақтан келе жатқанда болған жағдай ғой. Әйелім мен екінші балам нашар боп жатыр. Ал ең үлкенім үйде әзір. Ол да удар алған.
32 жастағы әйел есін әлі жимаған. Ол Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер басынан ауыр жараланып, денесінің бірнеше жері сынған келіншектің жағдайы бірқалыпты ауырлықта екенін айтты.
Жәнібек Әуелбеков, Шымкент қалалық медициналық жедел- жәрдем ауруханасының реаниматологы:
Жедел түрде бас миын түсірдік компьютерден томография. Қазіргі таңда жағдайы керекті интенсивті терапияларды алып жатыр.
Көлік қаққан екі балақай да аурухана жатыр. Алғашқы медициналық көмек алған үш адам үйлеріне қайтарылған. Ал 19 жастағы күдікті уақытша қамау абақтысында отыр. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Ішкі істер департаменті өкілдерінің мәліметінше, жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс арттыру салдарынан тізгінге ие бола алмай қалған. Ол әкесінің көлігін рұқсатсыз мініп кеткен көрінеді.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
Анықталғаны, бұрын да ол жауапкершілікке тартылған. Осы жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін және де 2015 жылдың желтоқсан айында әкімшілік сотымен өз жүргізуші куәлігінен айрылған. Ол қазіргі кезде заңсыз рөлге отырып жүргені анықталып отыр.
Оңтүстік Қазақстанда жол-көлік оқиғалары тым жиілеп барады. Кеше кешкісін Алматы-Термез тас жолының Түлкібас ауданы тұсында да оқыс жағдай тіркелді. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген көлік, жол жөнделіп жатқан аумақтағы арнайы белгіге қарамастан, қоршауды бұзып өткен. Бірнеше рет аударылған автокөлік жарылып, жанып кетті. Көліктегі үш адам ауруханаға жеткізілді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта 709 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 94 адам қайтыс болып, 934 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Көлік апатынан көз жұмғандардың 12-сі - кәмелет жасына толмаған бала. Кісі өлімі жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде де жиі орын алады. Балалардың қатысуымен қаңтар айынан бері 130 жағдай тіркеліп, 8 өспірім жан жолда жан тапсырды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ