Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада «Мәңгі тас» тарихи ескерткішінің көшірмесі орнатылды

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2015
  • 4269

Астананың төріне түбі бір түркі елдерінің асыл мұрасы - «Мәңгі тастың» көшірмесі орнатылды. Ғылыми дәл көшірмені жасатуға түркі Академиясы ұйытқы болған.

Тастың өзі Моңғолияда. Құнды жәдігер түркі тайпаларының басын қосып, этносаяси одақ құрған Шығыс Түркі қағанатының негізін салушы Елтеріс Құтлық қағанның құрметіне 693 жылы қойылған.

Тарихи ескерткіштің биіктігі 2 метрден асады. Оның бетінде 60-қа жуық қашалған таңба бар. Қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ, хазар, авшар сынды ру-тайпалардың белгісі бедерленген. Құнды мұраның Сарыарқа төрінде орнатылуының символикалық мәні зор. Мұны түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының VІ пленарлық отырысына қатысқандар айрықша атап өтті. «Ұлы даладағы Мемлекеттілік және Парламентаризм» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылған. Оның жұмысына Парламенттік Ассамблеяға мүше мемлекеттер Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Қырғызстанның Парламент төрағалары, Мемлекеттік хатшы мен Мажарстан және Өзбекстан елдерінің делегаттары қатысты. Жиналғандар түркі әлемінің тұтастығы туралы ой қозғады.

Қабиболла Жақыпов,  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

Бәріміз бір Бәйтеректің бұтақтары екенімізді ұмытпауымыз керек. Біз өз тарихымызды, түп тамырымызды есте сақтауға тиістіміз. Бүгінгі күні көне дәуірдің реконструкцияланған бірегей ескерткіші «Мәңгі тастың» салтанатты түрде ашылуы Ұлы даланың «Мәңгілік ел» идеясының жалғасындай болды.   


Айгүл ӘДЕПБАЙ