«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің Ресейге тиесілі бөлігі 2020 жылға қарай ретке келтіріледі. "Ресей көлік министрі Максим Соколов Орынборда өткен кеңесте осыны мәлімдеді", - деп жазады "Айқын" газеті. Сондай-ақ ол қаржылық ресурстарды осы жобаға топтастырудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, Ресейдің транзиттік әлеуетін толық көлемде пайдалану Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерімен экономикалық қатынасты дамытуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, Ресей үкіметінің өкілі Қазақстан мен Қытайдан қалыспау керектігін қадап айтты. Қазақстан бастамашы болған «мега-жоба» Ресей аумағында тұралап қалған. Ал Аспан асты елі өздеріне тиесілі бөлікті толық ашуға даяр. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының Қазақстандағы бөлігі 2015 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Жобадан үнемделген қаржыға басқа жолдарды қайта салу қарастырылып жатыр. Мәселен, 75 шақырымдық «Күрті-Бурылбайтал» жолын реконструкциялау жөнінде келіссөздер басталды.
Айта өтейік, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырым. Оның 2,8 мыңдайы Қазақстанды басып өтеді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА