Ақтөбе облысындағы мұнай өңдеу зауытында болған өртте зардап шеккен 26 жастағы Еркінбек Халиулин тілге келместен көз жұмды. Облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген ол 5 тәулік бойы өлім мен өмірдің арасында жатқан болатын. Ақ халаттылар қолдан келген барлық көмекті көрсеткенімен, жарақаты өте ауыр болған.
Естеріңізге салайық, өткен аптада Қандағаш қаласындағы мұнай өңдеу зауытында өрт шығып, 3 адам қызыл жалынның құшағында қалған еді. Денесінің 85 пайызын күйік шалған Еркінбек Халиулин ауруханаға аса ауыр халде түскен. Қазіргі таңда оқыс оқиғадан зардап шеккен өзге 2 жұмысшының бірі аудан дәрігерлерінің қарауында. Екіншісі облыс орталығына жеткізілді.
Нұрлан Әбішев, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының травмотолог дәрігері:
Данияров деген науқас - дәл сол кезде бірге күйік алған науқас. Денесінің 40 пайызын күйік шалған. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр. Қазір Астанадан санитарлық авиациямен күйік орталығынан дәрігерлер келіп, Астанаға ауыстырамыз.
Мансұр ЕСҚОЖИН