2020 жылға қарай Қазақстанда 7000 шақырымдай жолдар ақылы болады. Еліміз географиялық орналасу жағдайына байланысты сауда-саттық керуендерінің өтуін ұтымды пайдаланбақ. Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Мереке Пішембаевтың айтуынша, жолдарды ақылы ету мемлекет қазынасын бүтіндеуге септігін тигізеді.
Астана-Бурабай тас жолының табыс әлеуеті жылына 1 миллиард теңгеден асатын болады. Ал болашақта қолданысқа берілетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі көршілес мемлекеттерден келетін керуеннен қазынаға қомақты табыс түсіреді. Халықаралық тас жолдың Қызылорда-Шымкент бөлігі 2015 жылы қолданысқа берілмек. Вице-министрдің сөзінше, жергілікті халық ақылы жолдың ауыртпалығын сезінбейді. Олар үшін бір жылға бірден алынатын жеңілдетілген төлем түрін енгізу жоспарда бар.
Мереке Пішембаев, ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары:
Ол жерде көліктердің жүру жиілігі өте жоғары. Ташкенттен керуен келеді. Жыл бойы көкөніс, жеміс-жидек тасылады. Осыны неге пайдаланбасқа. Біз өзіміздің транзиттік мемлекет екендігімізді ұтымды пайдалануға тиіспіз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ