Астанада 150-ге жуық отбасы 4 күннен бері сусыз отыр. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар оны дүкеннен сатып алып жатыр. Екінші бірі суды өзге жақтардан тасып ішуге мәжбүр. Мемлекеттік бағдарламамен 3 жыл бұрын салынған жаңа көпқабатты үйдегі су жүйелері "Астана су арнасы" кәсіпорнының балансына да өтпеген. Өйткені құжаттары рәсімделмей жатқан көрінеді. Талай мекеменің табалдырығын тоздырған астаналықтар бүгін әкімдік өкілдеріне шағымданды.
Тәліповтер отбасы дәл осылай жуынуды әдетке айналдырған. Бір стақан суға 3 бала бірден беті қолын шаяды. От анасы Әлия да ыдыс жуып ас әзірлегенде бар суды үнемдеуге мәжбүр. Себебі 4 күннен бері пәтерге келіп тұрған не ыстық, не суық су жоқ.
Әлия Тәліпова, Астана қаласының тұрғыны:
Жаңа жылымыз осылай басталды. Содан бері, міне, су тасумен келе жатырмыз. Бөтелкемен көрші үйден тасимыз. Сатып аламыз. Не кір жуа алмаймыз. Тамақ та пісіре алмаймыз. Пісірсек, үнемдеп отырамыз. Жуынғанда - құр қолымызбен бетімізді тырнаймыз, болды.
Сусыз отырған Тәліповтер ғана емес, «Силикатный» шағынаудандағы көпқабатты мына қос үйдің тұрғындары да тіршілік нәрінен қағылған.
Мұнда шамамен 148 пәтер бар. Тарыққан жұрттың бірі суды сатып ішсе, енді бірі тасуға мәжбүр.
Мұрат Ахметов, Астана қаласының тұрғыны:
2-сі күні үйге келген қонақтардың барлығын кері қудық. Қайтеміз. Су жоқ.
Күлбану Оспанова, Астана қаласының тұрғыны:
Біздің жазбаған, хабарласпаған жеріміз қалмады. Әкімшіліктен бастап, су арнасына дейін. Барлығы құр уәде береді. Міне, 5-ші күнге кетіп барады. Бұл енді сұмдық қой. Жауаптылар қайда қарап отыр?!
Тек мәселенің мәнісі бүгін анықталғандай. Тіршілік нәрінің тоқтауына мына кәріз құдығының бітелуі себеп болған. Жаздыкүні жол жөндегендер оның бетін абайсызда жауып кеткен көрінеді. Енді оны тазалау мердігер компанияға жүктеліпті.
Нұрмат Әбдірайымов, Алматы аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:
Қазір «Астана су арнасының» көмегімен кәріз құбырларын тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс 3-4-терде аяқталады. Су толықтай беріледі.
Кәріз жүйесінің бітелуі жертөлелерді де лас суға толтырған. Біздің түсіру тобы барғанда әкімдіктің арнайы бөлген көлігі суды сорып, құрғатуға кірісті. Бір қуанарлығы, шенеуніктер уәдесінде тұрды. Кеш қарая тұрғындар су келе бастағаны жайлы қуанышты хабарды жеткізіп, "Астана" арнасына алғысын білдірді.
Құралай ПИОНЕР