Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында «Жастар Отанға» лагері ашылды. Оған еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық белсенді жастар жиналған. Шетінен дарынды, шығармашыл әрі білімді қыз-жігіттер өзгеше шараға әзірленіп жатыр. Алдағы бір аптада олар таза ауада демалып қана қоймай, танымал саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен кездесуді жоспарлаған.
Нұрлан Сыдықов, "Нұр Отан" партиясы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы:
Күні кеше ғана Елбасы үлкен жиын өткізген болатын. Осы жиында «Нұр Отан» партиясының жастармен жұмыс жүргізгенде және жастар арасында «Қазақстан - 2050» стратегиясына жету жолында жастар арасында бірлік мәселесін кеңінен көтеріп насихаттауды тапсырған болатын. Сол бірден бір ең бірінші алаң осы жастар лагері деп есептесек болады.
Басты мақсат - жастардың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Осыған орай демалыс лагерінің бағдарламасына кәсіби біліктілікті дамытуға арналған тренингтер, шығармашылық сайыстар мен спорттық ойындар енгізілген. "Маусым аяқталғанда жастардың ұсыныстары жинақталып, үкіметке таныстырылады", - деді шараға ұйытқы болып отырған «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері.
Айгерім Серікжанова, студент:
Біздің өткенімізді хабарлаған кезде, жиналатын күнімізді асыға күттік. Бұл лагерьдің жастарға беретіні өте көп деп есептеймін. Себебі біз көл жағасында демалумен қатар, өзімізді дамытуға да көңіл бөле аламыз.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ