Мешін жылы жемқорлық дертінің ем-домы табылмақ. Жемқорлықпен күрестің жаңа заңына сай, мемлекеттік және уәкілетті тұлғаларға жақындарымен бірігіп қызметтік және өзге де ақпаратты өз мүддесіне пайдалануға тыйым салынады. 1 қаңтардан бастап елдегі бірқатар заңдарға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олардың бірқатарын әріптесім Айгүл Ермахан тізбектейді.
Биылдан бастап жол-көлік апатының шығындарын сақтандырушы тарап бағаламақ. Әу баста бұл бастамаға тәуелсіз бағалаушы компаниялар мен көлік иелері тарапынан наразылық тудырған болатын. Олар сақтандырушы тарап өз мүддесі үшін шығынды азайтып көрсетеді деп қауіптенген еді.
Таңжарбай Құлжанов, сақтандыру компаниясының басқарушы директоры:
Тәуелсіз бағалаушы компаниялар өздерінің напақасынан айрылады. Ал, көлік иелері үшін айырмашылық жоқ. Олар ең бастысы өздерінің көлігіне келген шығынның ақшасын өтеп алады. Қазіргі кезде зардап шеккен көлікке төленетін баға анықталып жатыр. Сондықтан біз құжатқа сәйкес жұмыс істейтін боламыз.
Ал, бірінші қаңтарға дейін травматикалық қаруды Ішкі істер органдарына өткізбегендер үшін жауапкершіліктің жүгі ауыр болмақ. Заңға бағынбай, суық қаруды үйінде сақтағандарға 4 миллион теңге айыппұл салынып, не болмаса 1 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Сергей Уткин, заңгер:
Қару біреудің атында егер ресми тіркелген болса, учаскелік полиция мен тергеуші келіп, үйді тінтіп тауып алады. Сондықтан әлі де болса, қаруды қолданып жүрген азаматтар құқық қорғау органдарына барып, өткізуі қажет. Ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ айыппұл салынады.
Ел заңына енгізілген жаңа өзгеріске сай, жаңа тұрғын үйді қабылдап алатын мемлекеттік комиссия жұмысын тоқтатты. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңына сай, құрылыс нысанын қабылдау актісіне енді тек тапсырыс беруші, оны орындаушы, авторлық және техникалық бақылаушы қол қояды. Демек, құрылыс сапасы тек орындаушыдан талап етіледі.
Жанат Айтілеу, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Техникалық, авторлық қадағалау ғимараттардың нормаларға сәйкестігі жөнінде қорытындыны беруі керек. Сол қорытындыны өз жауапкершілігіне алып, актімен растайды. Ережелерге сәйкес болмаса, заң алдында жауап беретін болады.
Айгүл Ермахан, тілші:
Бірінші қаңтардан елімізде жергілікті полиция қызметі де іске кірісіп кетті. Учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандардың істері мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларды қабылдау-орналастыру бойынша құрылымдардың басын біріктірген құрамға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлкен сенім артылып отыр. Яғни тұрмыстық және ұсақ қылмыстарға қарсы тұратын жасақ болмақ.
Сондай-ақ, жуырда Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ дәрі-дәрмек нарығы құрылмақ. Оған сәйкес ортақ реестр, ортақ тіркеу заңдары енгізіледі. Бастама өз кезегінде дәрі құнының арзандауына септігін тигізбек.
Айгүл ЕРМАХАН