Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте баланы суицидке мәжбүрледі деп айыпталған ұстаз сотталды

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2014
  • 1369

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында ұстаз сотталды. Сайрам ауданындағы мектептердің бірінде дәріс беретін оқытушы аудандық соттың үкімімен екі жылға бас бостандығынан айырылатын болды. Мұндай жаза педагогқа «оқушының суицид жасауына» себепкер болды деген айыппен кесіліп отыр.

Руслан Әбдірайымов, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы  10 -басқармасының бастығы:

Жаза ол  тағайындалғаны оның мұғалім немесе мұғалім еместігіне байланысты тағайындалмаған. Оның жасаған  әрекетіне байланысты тағайындалған.  Ал ол айыпталған, сотқа берілген бапта  оның бас бостандығынан айыру жазасы  көзделген. Тағылған айып шеңберінде  заңды әрі әділ жаза тағайындалды деп ойлаймыз.

Естеріңізге салсақ, Сайрам ауданы Көлкент ауылының 14 жастағы тұрғыны өткен жылдың тамызында өз өзіне қол салған болатын. Сот залында оқылған деректерге сай, жасөспірім өлімге бару себебін артында қалдырған тілдей хатында жазып кеткен. Онда «Мұғалім жұрттың көзінше ауыр сөздер айтып, қол көтерді, тіпті бетіме түкіріп жіберді, осы қорлыққа шыдай алмадым» деген мағынада сөздер жазылған.

Осы хат негізінде  жүргізілген сараптама қорытындысы  және куәгерлердің  жауабы бойынша ұстаз айыпты деп танылды. Соның негізінде жаза тағайындалып отыр. Оқытушы жазасын түзеу колониясында өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал айыпталушы тарап бүгін сот орындарына апелляциялық шағым түсірді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ