"Қазақстанда жүн мен теріні өңдеу жұмысы - нөл." Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздегі төрт түлік терісін өңдеу жұмысына осындай баға берді.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Бүкіл Қазақстанда жүн мен теріні өңдеу жұмысы нөл деп айтуға болады. Жоқ еш жерде, бір де бір жерде. Оралда шала-жансар «Аяз» деген фирма бар, киіз басып, байпақ шығаратын. Осындай кішкене мекемелерден басқа түк жоқ. Теріні өңдеу жұмысын қолға алған жоқпыз және қолға алуға тікесінен айтайын - мүмкіндігіміз жоқ. Әрине, біз еш уақытта, еш уақытта демей-ақ қояйын жақын жылдары бірнәрсе шығарамыз дегенге, нанбаймын. Өйткені Германия, Италия терісіндей тері шығара алмаймыз.
Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мұнайлы аймақтың басшысы қызметін тізгіндегеніне бүгін тура екі жыл. Осыған орай облыс басшысы игі-жақсыларымен кездесті. Жиында еңбек ардагері мал терісі мен жүнін кәдеге асыруды қолға алсақ, деген тілегін жеткізген болатын. Өйткені малшылар мал жүнін өткізетін жер таппай қиналатынын айтты.
Сахибеден Бекенов, еңбек ардагері:
Мал өнімінің тек етін пайдаланып отырмыз. Жүнді жылына екі рет өртейміз. Өзімнің 1500 қойым бар. Жылына екі рет қырқамын да, өртеймін. Қанша тырнақтап жиған тиыным желге ұшып жатыр.
Базаргүл ІЗІМОВА