Алматылықтар төтенше жағдай кезінде жүгінуі қажет қауіпсіздік ережелерімен танысты. Қауіпті жете ұғыну үшін, «Қызыл жарты ай» қоғамының қызметкерлері жеті баллдық жер сілкінісін қолдан жасады. Ол үшін симмуляциялық алаң таңдаған. Алдын-ала әзірленген бағдарлама аясында қала тұрғындары табиғи апаттан туатын қауіп-қатерлерді көріп, ұйымдастырушалыр олардан аман қалу шараларын түсіндірді.
Ләззат Ибрагимова, «Қызыл жарты ай» қоғамының бас жаттықтырушысы:
Жер сілкінісі болған жағдайда, адамдар босағаның астына тығылу керектігін біледі. Кей жағдайларда ол жерге оншақты адам тығылысады. Ереже бойынша босағаға тек екі адам сыйсуы тиіс. Сондай-ақ, табиғи апат кезінде терезелерден алыстау керек. Төсекті де ол жерден алшақ қою абзал. Телевизор секілді тұрмыстық техниканы да дұрыстап орнату қажет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпы жер сілкінісі кезінде өзін-өзі құтқару бойынша отбасылық іс-қимыл жоспары болуы абзал. Сондай-ақ, «Қызыл жарты ай» қызметкерлері бұндай жағдайда «дабыл дорбасын» әзірлеп қою керектігін де ескертті. Онда құжаттар, ұзақ мерзімді сақталатын азық-түлік, киім-кешек және таза су болуы тиіс.
Анастасия Висягина, «Қызыл жарты ай» қоғамының төтенше жағдайлар бойынша үйлестірушісінің көмекшісі:
Апат болған жағдайда, ең бастысы қолыңызда қол шамы мен ысқырық болу керек. Үйіндінің астында қалып қойған жағдайда, ол ең керекті зат. Сондай-ақ, дәрі қобдишасын да ұмытпау қажет. Онда алғашқы медициналық көмекке керек дәрі-дәрмектер болуы міндетті.
Жұрағат БАМАН