Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Латвия командасымен 0-0 есебімен тең түсті

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2014
  • 1530

Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы 1 ұпайды қанағат тұтты. Еуропа чемпионатының іріктеу жарысындағы алғашқы ойында Латвия командасын қабылдаған Юрий Красножанның шәкірттері 0-0 есебімен тең түсті. Келесі кездесуін ұлттық құрама футболшылары енді сырт алаңда Голландия командасына қарсы өткізеді. Өзге де спорт жаңалықтары келесі топтамада.

Астанада бокстан «Чемпиондар жекпе-жегі» турнирі басталды. Бұл сында «Астана Арландары» клубы Бостандық аралынан келген «Куба Домодорес» командасымен өзара мықтыны анықтайды. Кездесу басында қазақстандық ұжымның бас директоры Болат Манкенов жарыс жоспарымен бөлісті.

Болат Манкенов, «ASTANA ARLANS» клубының бас директоры:

Бәсекелес команда болу үшін, әрине, мықтылармен кездесу керек. Осы матчтан кейін біз өзіміз жасақтаған осы жас жігіттердің деңгейін көреміз, шыңдаймыз. Кім қандай қалыпта, психологиялық деңгейде. Сондықтан да осы матч біздің "Арландардың" келесі маусымға деген құштарлығын анықтайды.

Кездесу қазақстанды команда үшін сәтті басталды. 49 келі салмақта рингке шыққан Мардан Берікбаев жанкүйерлер сенімін ақтады. Қарсыласы Сантьяго Амадор қанша тырысқанымен жерлесімізден айласын асыра алмады. Нәтижесінде 5 раунд қортындысы бойынша төрешілер жеңісты бірауыздан алаң иесіне берді.

Мардан Берікбаев, «ASTANA ARLANS» клубының спортшысы:

Қарсыласым мықты боксшылардың бірі болды. Жалпы Куба боксшылары бұл жаққа тек бірінші нөмірлерін алып келді. Сол жаңағы 49 келідегі спортшы 1-нөмір болып есептеледі. Оңай болды деп айта алмаймын. Жақсы кездесу болды өздеріңіз көргендей, Аллаға шүкір ұттым.

56 келі салмақта Бағдат Әлімбеков Лондон олимпиадасының чемпионы Робейси Ромиреспен қолғап түйістірді. Бірінші раунд басынан қорғанысын берік ұстап, шабуылда мықты соққылармен ерекшеленген Куба спортшысы жеңіске жетті. 64 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Асхат Уәлиханов та жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Оның қарсыласы Ясниер Толедо шеберлігімен көзге түсіп, жерлесіміздің жігерін құм қылды.

Бұл күні рингке шыққан қалған спортшыларымыз да кубалық былғары қолғап шеберлеріне лайықты қарсылық көрсете алмады.  Ерік Әлжанов Арьен Карлонаға есе жіберсе, Алмат Серімов Эрисланди Савонға жол беріп қойды. Қорытынды есеп 4-1 «Куба Домадорес» командасының пайдасына. Бүгін командалар тағы бес салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.    

Самат ҚАНАҒАТОВ