Қазақстанның шекаралық басқармалары мен әуе эскадрилияларына тосын тексеріс жүргізілді. Дәлірек айтсақ, отандық шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов арнайы іссапары барысында "Шығыс" және "Солтүстік" өңірлік шекаралық басқармаларында болып, дайындық деңгейімен танысты.
"Сондай-ақ, ол "Үшарал" әуе эскадрилиясының әскери-жауынгерлік әзірлігіне де кездейсоқ тексеріс жүргізді", - деп хабарлады шекара қызметінің баспасөз қызметі. Жедел шара барысында шекарашылардың қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етілгеніне, әскери әзірліктеріне баса назар аударылды. Ал авиациялық эскадрилия тосын жағдайларға сақадай сай дайын екендіктерін көрсетті. "Дабыл" бұйрығы бойынша парашютті-десантты застава, ұшу және инженерлік-техникалық, сондай-ақ әуежайлық-техникалық қамтамысыз ету құрамдары өз өнерлерін паш етті. Қысқа мерзімде "МИ-8" ұшағы көкке көтеріліп, тиісті ұтқыр қимылдар жасап, кейін әуежайға сәтті қонды.
Тосын тексеріс қортындысында генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов шекара қызметі мен әуе эскадрилиясындағы әскерилердің жұмысына оң баға берді.
Жұрағат БАМАН