Жаңа ғана Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы аяқталды. Депутаттар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қауіпсіздігі үшін орын алуы мүмкін сын-қатерлерді ескертуде барлық жұмыстарды атқару маңызды екенін қадап айтты - деп, «Қазақпарат» хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Парламенттің жаңа сессиясы күрделі жағдайда басталып отыр. Әлемдік экономикадағы болжамсыздық сақталуда, геосаяси, оның ішінде Украинадағы оқиғаларға орай халықаралық қарым-қатынастар әлсіреуімен байланысты тәуекелдер тереңдеп келеді. Әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызын құрайтын мемлекеттер бір-біріне санкциялар қолдануда. Мұның барлығы да орын алып отырған экономикалық қарым-қатынастар мен әлемдік тәртіпке айтарлықтай түзетулер енгізуге түрткі болады. Қазақстанның және оның серіктестерінің экономикалық өсімінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан да экономика, халықтың әл-ауқаты, Қазақстанның қауіпсіздігі үшін орын алуы мүмкін теріс сын-қатерлердің алдын алуда барлық жұмыстарды атқару маңызды.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА