Қарағанды облысындағы Сарытөбе ауылының қалаға апарар тас жолмен байланысы жоқ

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2014

Қарағанды облысындағы Сарытөбе ауылының тұрғындары бөлек аралда қалғандай. Бұл елдімекенде орталыққа апаратын жол жоқ. Сондықтан, тұрғындар негізгі жолға шығу үшін, Нұра өзенінің таяз жерлерін кешіп өтеді.

Сарытөбе ауылы Бұхар жырау ауданына қарайды. Жергілікті тұрғындар асфальт төселген жолды ұмыттық деп отыр. Олар Қарағанды қаласы мен аудан орталығына тікелей өзенді кешіп жетеді. Тіпті күздің қара суығында да. Ал автобустар ауылға келмейді.

Айтуларынша, жедел жәрдемді шақырудың өзі мұңға айналған. Тіпті бірде дәрігерге науқас баланы көтеріп апаруға тура келіпті. Олар екі жарым шақырымға созылған ой-шұқырға толы жолдан қажыдық деп отыр. Тұрғындар жырға айналған жолды жөндеуге қаражаттың осыдан үш жыл бұрын бөлінгенін айтады.

Сәуле Миірменова, Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының тұрғыны:

Біздің бармаған жеріміз жоқ. 2010-да жол оңдаймыз деп ақша бөлінді. Сол ақша бөлінгенде бір 200 метрдей істетіп. содан біз көріп жүрген бейнетіміз. Әкім келгенде, сендерге ештеңе істетпейміз дейді. Енді алдамшы жол жасап жатыр. Бірінші жауын жауса ана жол жуылып кетеді. Енді неғып бұларда ақша жоқ. Керек кезінде ақша табады. Енді сотқа береміз. 2010-да кеткен ақшамызды іздестіреміз.

Бақытжан Смаилов, Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының әкімі:

Екінші автопарк жолдың нашарлығынан кірмейміз деген бізге талап қойды. Биылғы жылы осы мәселені шешу үшін, сол жолды уақытша жөндеуден өткіздік.

Еркін ҚАРИН